Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы,
тарихшы, этнолог, географ, Шығыс Түркістан мен Қазақстан, Орта Азия халықтарының
тарихы мен мәдениетін зерттеуші бұрынғы Күнтимес, Аманқарағай окр-інің орт.
(қазіргі Қостанай обл.) дүниеге келген.
Шоқан
Уәлиханов – Шыңғысханның тікелей ұрпағы. Оның шежіресіне көз салар болсақ, Жошы
хан, Орыс хан, Құйыршық хан, Барақ хан, Есім хан, Абылай хан, Уәли хан және
Шыңғыс сұлтан сынды сом тұлғаларды көреміз.
Балалық шағын ауылда өткізген
Ш.Уәлиханов жергілікті мектепте бастауыш білім алып, араб жазуының негіздерімен
танысады және сурет салуды үйренеді.
1847 жылдың күзінде 12 жастағы
Шоқанды сол кезде Сібір өлкесіндегі ең үздік оқу орны саналған Омбы кадет
корпусына оқуға береді.
1847 жылға дейін орыс тілінде
бір сөз білмейтін Шоқан Омбы кадет корпусының қабырғасында өткізген бірнеше
жылы ішінде орыс тілін толық меңгеріп қана қоймай, жасөспірімнің бойына шақ
келмейтіндей білімге де ие болады. Бұл жерде ол тарих, этнография, әдебиет
тарихы пәндерінен мол білім жинап, орыс классиктерінің шығармаларымен жан-жақты
танысады.
Он төрт жасқа жаңа толған
Шоқанның болашақта атақты ғалым болатынына ешкім шек келтірмеді. Сол кездің
өзінде ол туған даласының өмірі мен қазақ халқының салт-дәстүрі жайында шағын
әңгімелер жаза бастайды. Екі жылдан кейін ол әкесімен бірге қазақ халқының
«Қозы Көрпеш Баян сұлу» деп аталатын тамаша поэмасын жарыққа шығарды. Поэманың Құсмұрындық тізімі жас Шоқанның
кітапханасында, өзінің жақсы көретін «Современник» журналының сандарымен бірге жататын.
1853 ж. кадет корпусын
аяқтаған Шоқанға корнет шені беріліп, Батыс Сібір генерал-губернаторы жанындағы
қызметке тағайындалады.
Оқуын бітірісімен Ш.
Уәлихановтың қоғамдық және әдеби жұмысы басталады.
1854-1857 жж. ол Оңтүстік
Қазақстан мен Қырғызстанға жасалған экспедицияларға белсенді қатысады. Сонымен
бірге ол қазақ және қырғыз халықтарының географиясын, тарихын, салт-дәстүрі мен
халық поэзиясын табандылықпен зерттей бастайды. Шоқан Орта Азияның,
Қазақстанның, Сібірдің, Батыс Қытайдың тарихына қатысты жазылған алғашқы
дереккөздерді зерттейді. Оның юэчжей, хун-ну, тукиу, жужан, хягас, үйсіндер секілді ежелгі халықтардың
тағдырын танығысы келеді. Сол кездің өзінде ол еуропалық саяхатшылар үшін қол
жетпес қамал болған Шығыс Түркістанды көруді армандай бастайды.
1855 ж. Ш. Уәлиханов генерал
Гасфорттың сапарына қатысып, Орталық Қазақстан, Жетісу және Тарбағатайға дейін саяхат жасады. Ол Омбыдан Семейге, одан Аягөз бен Қапал
арқылы осы кезде Верный бекінісінің негізі қаланып жатқан Іле Алатауына бармақ
болды. Шоқан Жоңғар қақпасын,
Қарқаралыны көріп, Баянауылда, Көкшетау мен басқа да жерлерде болып
қайтты.
Ол ежелгі қалалардың
орындарын, тасқа салынған суреттерді, тас мүсіндерді зерттеп, қазақ халқының
аңыздарын, әндері мен ертегілерін жазып алды. Омбыға келгеннен кейін жиналған
материалдарын жинақтап, жүйеге келтіреді де, солардың негізінде қазақтардың
жерді пайдалануы, туыстық және отбасылық қатынастары мен ежелгі діні жайында
жазбалар құрастырады. Бұл
еңбегiн жоғары бағалаған генерал Г. Х. Гасфорт оны наградаға ұсынып, поручик
атағын береді.
Осы жылдың тамызында ол
Қытаймен арадағы сауданы дамыту және осы елмен арадағы басқа да мәселелерді
шешу үшін дипломатиялық міндетпен батыс Қытай өңірінің басты қаласы Құлжаға
аттанады.
Шоқан Уәлиханов қырғыз
халқының өмірін, салт-дәстүрін, тарихы мен этнографиясын толығырақ зерттеу үшін
1857 ж. Алатау қырғыздарына қайтадан аттанады. Осы сапарында аса бағалы
фольклор материалдарын жинай жүріп Ш.Уәлиханов алғаш рет қырғыз халқының
«Манас» поэмасына көңіл аударады. «Манасты» қоғамдық және тарихи тұрғыдан ірі
оқиға ретінде сипаттай отырып Уәлиханов «Манас» қырғыздың барлық
арман-қиялының, ертегілерінің, аңыздарының бір кезеңге біріктірілген және бір
тұлғаның - батыр Манастың айналасында топтастырылған энциклопедиялық жинағы.
Мұны даланың «Илиадасы» деуге болады. Қырғыздардың
өмірі, ұстанымы, салты, георгафиясы, діні мен медициналық танымдары және
олардың халықаралық қарым-қатынасы осы бір аса зор эпопеяда көрініс тапқан» деп
жазды.
Ш. Уәлихановтың 1856-1857 жж.
алғашқы саяхатының ғылыми жетістіктері өзінің сапар барысында жазған «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар жайлы
жазбалар» атты мақалаларында көрініс тапты.
Ш.Уәлихановтың ғылыми және
ағартушылық жұмысындағы кемеліне келген кезі ХІХ жүз жылдықтың 50-ші жылдарының
аяғы мен 60-шы жылдарының басы болып табылады.
1858 ж. Шоқан Уәлиханов
полковник М. М. Хоменконың жетекшілік етуімен болған ірі әскери-ғылыми
экспедицияға қатысады. Экспедицияның мақсаты қырғыз халқының өмірімен танысу
және Ыстықкөлдің алабын зерттеу болды.
1858-1859
жж. ол өміріндегі ең қызықты да, өміріне қауіп төндірген саяхаты - Шығыс
Түркістанға сапарға шығады. «Әлімбай
саудагер» болып жолға шыққан ол Семейде жабдықталған сауда керуенімен қожалардың көтерілісін Боғды ханның
әскері қатаң жазалағаннан кейін көп уақыт өтпестен Қашғардың қақпасына енеді.
Қашғар билігін озбырлығымен аты шыққан Уәлихан төре басып алған болатын және
қаланы басып алу барысында құрбан болғандардың арасында неміс саяхатшысы Адольф Шлагинвейт
те бар еді.
Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық,
ағартушылық саласындағы еңбегiнiң жаңа белеске көтерiлуiне жол ашты. Шоқан
хандығының Қашқардағы консулы әрi саяси резидентiнiң көмегiмен Қашқардың
экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан
көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан “Алты шаһардың, яғни Қытайдың
Нан-лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы” атты еңбегi дүниеге
келедi.
Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанның саяси және
экономикалық құрылымымен танысып, осы жерде ежелден тұрып жатқан халықтардың
тарихы мен этнографиясына қатысты материалдар жинайды. Мұның сыртында ол
шығыстың бірқатар бірегей қолжазбаларын қолға түсіреді, нумизматикалық
коллекция, гербарийдің, тау жыныстарының коллекця-сын құрастырады.
1859 ж. аяғында Ш. Уәлиханов Петербургке келеді. Орыс ғалымдары оны қаһарман
саяхатшы, тамаша зерттеуші, Орта Азия мен Қазақстан халықтары өмірінің
білімпазы ретінде қарсы алады.
Ш. Уәлихановтың Петербургтегі
қауырт ғылыми-зерттеу жұмыстары көпшілігімен достық қатынас орнатып үлгірген
орыстың ірі шығыстану-шы ғалымдарымен тығыз байланыста жүріп жатты.
Ш. Уәлихановтың Перетбургте болуы ұзаққа созылмады. Ауыр
науқасқа шалдыққан ол ауруына ем қабылдау үшін 1961 жылдың көктемінде
Петербургті тастап, туған даласына аттанады.
Уәлиханов 1964 ж. көктемінде генерал Черняевтің қолбасшылық етуімен
Ташкентке жасалған сапарға қатысады. Алайда Черняевтің әрекеттеріне
наразы болған, одан көңілі қалған Уәлиханов көп ұзамай отрядты тастап қырға -
Верный қ. жақын жердегі Тезек сұлтанның ауылына оралады. Осы жерде ол Тезектің
қарындасы Айсараға үйленеді. Шоқанның ауруы асқына түсіп, денсаулығы күн санап
төмендей береді де, 1865 ж. сәуірінде дүние салады.
Шоқан Уәлихановтың есімі
қазіргі кезге дейін Шығысты зерттеушілер үшін жол көрсетуші жарық жұлдыз болып
келеді. Ғалымдар Шоқанның зеректігіне, батыл болжамдарына, оның ой өрісінің
кеңдігіне таңдана отырып ол бастап кеткен істі одан ары жалғастырып келеді.
Шоқан
Уәлиханов орыс ғылымының дамуына зор үлес қосты, оның еңбектері неміс, ағылшын,
француз тілдеріне аударылды. Ол әртүрлі азаматтық және әскери мекемелерде
қызмет етті, Ресей мемлекетінің Орта Азия мемлекеттерімен келіссөз жүргізуіне
көп көмектесті.
Ол
ғалым-саяхатшы ретіндегі істеген еңбегі үшін Әулие Владимир орденімен марапатталды
және штаб-ротмистр шенін алды.

Комментариев нет:
Отправить комментарий